ЖАҢАЛЫҚТАР
Астанада "терроризмді насихаттады" деп айыпталған суретші жеті жылға сотталды

Астананың N2 Байқоңыр аудандық соты "терроризмді насихаттады" деп айыпталған суретші Дәурен Макинді жеті жылға бас бостандығынан айырды.
Бұған дейін прокурор оны сегіз жылға соттауды сұраған. Ақпаратқа қарағанда, сот ол бұрын сотталмағанын, кәмелетке толмаған балаларын барын ескерген.
Суретші өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін сурет, эскиздер жариялағанын айтқан суретші бар айып "сурет салуды үйренеміз" деп келген арнайы қызметтің адамдарымен болған "әңгімеге" негізделгенін айтады.
– Олар маған жала жауып отыр. Кінәсіз екенімді дәлелдеуге қанша тырысқаныммен, ескерген жоқ. Facebook-те елдегі саяси оқиғаларға қатысты пікір жарияладым. Соған байланысты соттап отыр. Үкімге келіспеймін, апелляцияға беремін, – деді Дәурен Макин соттан кейін Азаттыққа.
Былтыр суретшінің адвокаты мен жақындары Макинге сурет салуды үйренеміз деген сылтаумен екі адам келіп, ортадағы әңгімені диктофонға жазып алғанын айтқан еді. Келгендер арнайы қызмет адамдары екені кейін анықталған. "Бар айып сол әңгімеге негізделген" дейді қорғау тарабы.
– Басқа ешқандай дәлел жоқ. Барлық айыптау әлдебір диктофондағы жазбаға құрылған. Оны да қолымызға берген жоқ. Бірақ сол жазбаға сараптама жасап, Макиннің сөзінде террористік сарын бар екені, әлгі екі адаммен әңгімеде билікті ауыстырып, оны шариғат жүйесіне негіздеп қайта құру керек деген ой айтылған деп қорытынды жасаған, – деген еді бұған дейін адвокат Жасұлан Көмеков.
Байқоңыр аудандық сотының судьясы 27 сәуірде Азаттық тілшілеріне сот залынан видео түсіруге рұқсат берген жоқ. Қарауылды есептемегенде сотта судьядан басқа ешкім болған жоқ.
Кей дереккөздер Макин мессенджерде "әлдебір хабарламаны жібергені үшін" істі болды деген болжам айтты.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті суретші Макиннің тұтқындалуына қатысты жауап беруден бас тартқан.
Суретші Дәурен Макиннің "Наурыз", "Мастер" картиналары Астанадағы тарихи музейге қойылған. Оны әріптестері ұлттық, тарихи тақырыптарға көп картина салған суретші ретінде сипаттайды.
Қазақстанда кейінгі жылдары "терроризм" айыбы бойынша ондаған адам сотқа тартылған. Орталық Азиядағы постсоветтік елдің билігі әдетте мемлекет қолдау танытатын "дәстүрлі діндерден" өзгеше кей діни топтарды "деструктив ағымдар" деп сипаттайды.
2018 жылы Щучинск тұрғындары жеке кәсіпкерлер Дадаш Мәженов пен Ғалымжан Әбілқайыровты әлеуметтік желідегі аккаунттарында діни мазмұндағы аудио жариялағаны үшін "терроризмді насихаттады" деп айыптап, жеті жылдан астам уақытқа түрме жазасын кескен. Олар айыбын мойындамай, қарсы арыз түсіргенімен, ешқайсысы қанағаттандырылмады.
Басқа да жаңалықтар
Алматыдағы "Шапағат" ықшамауданында жарылыс болып, бір адам көз жұмған

Алматы қаласындағы "Шапағат" ықшамауданында болған жарылыс салдарынан бір ер адам қаза болған.
Қаланың төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқыс оқиға 2 маусым күні сағат 13:55 шамасында, Биянху көшесінде орналасқан үйді бұзып жатқан кезде болған. Алдын ала дерек бойынша, газ қоспасы жарылып, салдарынан 1980 жылы саманнан соғылған ғимарат едәуір бүлінген. Бірақ өрт шықпаған.
- Оқиға орнынан 1949 жылы туған ер адам өлі табылды. Құтқарушылар сол жерде жұмыс істеп жатыр, - деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.
Жарылысқа не себеп болғаны әзірше белгісіз, оны жедел тергеу тобы анықтайтын болады.
1,5 жылдан 23 жылға дейін: Шерзат ісі сотында прокурор айыпталушыларға жаза сұрады

Маусымның 2-і, дүйсенбі күні Талдықорғанда Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесінде жарыссөз басталды.
Мемлекеттік айыптаушы соттан жасөспірімнің қазасына байланысты айып тағылған тоғыз адамды қылмыс жасағаны үшін айыпты деп тануды сұрады. Прокурор оларды келесідей мерзімге бостандығынан айыруды ұсынды:
Абзал Шынасыл – Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру) және 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) және 24-баптың 3-бөлігі (қылмыс жасауға дайындалу және қылмыс жасауға оқталу) бойынша – 23 жыл;
Равиль Сакиев – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) және 293-24-баптың 3-бөлігі (адам өлтіруге оқталу) – 20 жыл;
Шыңгыс Белғожаев – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық)– жеті жыл;
Дархан Әскентай – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) – жеті жыл;
Нұрқияс Ілиясов – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) – тоғыз жыл;
Нұрбол Тоқтаубаев – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) – жеті жыл;
Азамат Тоқтаубаев – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық), оған қоса 188-бап (ұрлық) бойынша – 15 жыл;
Дидар Қалиахмет – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) – жеті жыл;
Д. (кәмелетке толмаған) – 434-бап (ауыр қылмыс жасалғанын хабарламау) – бір жарым жыл.
Бұған қоса, прокурор Дана Сарсенбай жәбірленушілердің материалдық және моральдық шығынды өтеу жөніндегі талап арыздарын толық көлемде қанағаттандыруды, қылмыстық іс бойынша куәгерлер Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыкелдінің әрекеттерін тексеріп, оларға құқықтық баға беру үшін жеке қаулы шығаруды сұрады. Бұған дейін жәбірленуші қылмыс оқиғасы болған жерде айыпталушылармен бірге жүрген осы екі куәгерді де қылмыстық іс аясында, жасалған "қылмыс туралы хабарламау" дерегі бойынша жауапқа тартуды сұрап өтініш білдірген. Прокуратура дәл сондай құқықтық бағаны Юлдаш Рузбакиев пен Арлан Қазыкенов есімді куәгерлерге де беруді сұрады.
Дүйсенбі күнгі сот отырысында прокурор Сарсенбай бұл істі "топ болып адам өлтіру" ретінде тергеуді сұраған жәбірленуші тараптың өтінішіне қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, сот-медицина сараптамасының қорытындылары мен іс материалдарына сәйкес, Шерзат Полат денесіне бір рет кірген пышақ жарақаты салдарынан қансырап қаза болған.
"Мысалы, Шыңғыс Белгожаев Полаттың басын пышақтың сабымен ұрған, ал сол кезде оның пышақтың ұшымен соғуына да мүмкіндік болған. Ілиясов аңшы мылтығының дүмімен ұрған. Мылтық оқтаулы болған. Сараптама қорытындысына сәйкес, жерде жатқан Полатқа тиген соққылар оның денсаулығына зиян келтірмеген және өліміне себеп болмаған", – деп түсіндірді прокурор.
Өткен аптада судья Ержан Жанұзақов Шерзат Полаттың өліміне қатысты істі прокуратураға қайтаруды сұраған жәбірленуші жақтың өтінішін қанағаттандырмай тастаған еді. Жәбірленушілер қылмысты "топ адам жасағанмен, бір адамға ғана адам өлтіру айыбы тағылып отыр" деген уәж айтқан болатын.
Польша президентін сайлау: консерватор Кароль Навроцкий жеңіске жетті

Польша президенті сайлауының екінші кезеңінде оппозициядағы консервативтік "Құқық пен әділет" (PiS) партиясының кандидаты Кароль Навроцкий жеңіске жетті. Польша Ұлттық сайлау комиссиясының мәліметінше, дауыс берген сайлаушылардың 50,89% Навроцкийді қолдаған деп хабарлады TVP Info телеарнасы мен Rzeczpospolita газеті.
Навроцкийдің бәсекелесі, Варшава қаласының либерал мэрі Рафал Тшасковскийгі сайлаушылардың 49,11% қолдау білдірген.
Дауыс беру аяқталғаннан кейінгі алғашқы экзитполдар Тшасковский аз ғана басымдықпен алда келеді деп көрсеткен еді. Алайда кейіннен Навроцкий озды.
Ұлттық сайлау комиссиясының деректері бойынша, 1 маусымда Польша президентін сайлауға дауыс берудің екінші кезеңіне елде тіркелген сайлаушылардың 71,6% қатысқан. Польша үшін бұл рекордтық көрсеткіш.
Сонымен қатар шетелде дауыс берген поляктардың 63,49% Рафал Тшасковскийге қолдау танытқан. Кароль Навроцкийді 36,51% сайлаушы таңдаған. Шетелдегі сайлаушылар белсенділігі де бұл жолы ерекше жоғары болды – 84,26%.
Осыған дейін Польша президенті болып екі мерзімге сайланған Анджей Дуда өзімен партиялас Навроцкийдің сайлауда жеңіп шығуына байланысты Х әлеуметтік желісінде: "Мықты күйіңде қал, ПОЛЬША!" деп жазды. Польша президенті бес жыл мерзімге сайланады, сыртқы саясатқа ықпал етеді, үкіметті тағайындайды және қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы саналады.
Саяси сарапшылар премьер-министр Дональд Туск үшін реформаларды жүзеге асыруға Тшасковскийдің жеңіске жеткені маңызды еді дейді. Ал қазір енді кезектен тыс парламент сайлау қаупі қылаң берді.
"Алда бізді күрделі саяси кезең күтіп тұр, ол екі жылға созылуы, бәлкім одан да қысқа болуы мүмкін. Ұлттық жад институтының президенті, егер ол мемлекет басшысы болып сайланса, мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізуге тырысатынын мәлімдеген. Бұл іске аса ма, жоқ па – барлығы PiS үшін қай сценарий тиімді болатынына байланысты болмақ. Дональд Туск үкіметін жаңа президент баяу әлсірете ме, әлде одақтар ауысып, қазіргі үкімет құлай ма?" – деп жазады Rzecpospolita.
Reuters агенттігінің жазуынша, Навроцкий Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан мен Словакия премьері Роберт Фицоның жаңа одақтасына айналуы мүмкін. Бұған дейін Польша баспасөзі АҚШ президенті Дональд Трампқа Навроцкийдің бүйрегі бұратынын, ол украин босқындарын сынға алғанын жазған. Навроцкийдің жеңісі Чехияның еуроскептик оппозициясының жетекшісі, бұрынғы премьер-министр Андрей Бабишке де серпін беруі мүмкін деп жазды агенттік. Алдағы қазан айында өтетін сайлауға дейінгі жүргізілген сауалнамаларда әзірге ол алда келеді.
Reuters агенттігі Украина ұсынған бейбіт келісім жобасының егжей-тегжейін жазды

Бүгін, 2 маусымда Стамбұлда Украина мен Ресей өкілдері бейбітшілік келісімі жөніндегі келіссөзге келудің шарттары жөнінде кезекті рет кездеспек.
Осы кездесу қарсаңында Reuters ақпарат агенттігі Украина делегациясы Ресей жағына ұсынбақшы болып отырған бейбіт ұсыныстардың толық мәтінін жариялады.
Журналистер танысқан құжат "Келісім мен келіссөздер процесінің негізгі принциптері", "Келесі қадам – атысты тоқтатудың және мемлекет басшылары кездесуінің күн тәртібін келісу", "Атысты тоқтату", "Сенімді нығайту шаралары" және "Көшбасшылар кездесуі" деп аталатын бес бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлімде келіссөздер принциптері атап жазылған. Мысалы, құрлықта, теңізде және әуе кеңістігінде кемінде 30 күнге атысты толық әрі сөзсіз тоқтату қажет деп көрсетілген. Бұл бітімнің сақталуын АҚШ-тың жетекшілігімен, үшінші елдердің қатысуымен бақылау ұсынылған.
Бұған қоса "бәрін бәріне" қағидасы бойынша тұтқын алмасу жөніндегі ұсыныс та бар.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, мәтінде Киевтің бейтарап мәртебеден бас тартатыны және Украинаға Еуропа одағы мен НАТО-ға кіру мүмкіндігін сақтауға рұқсат берілетіні жайлы, оған қоса армия саны мен орналасуына шектеу қойылмайды, ел аумағында шетел әскері болуына да тыйым салынбайды деп жазылған.
Құжатта жер мәселесі атыс толық тоқтатылғаннан кейін ғана қарастырылсын деген ұсыныс айтылған. Сонымен бірге бұл мәселеде халықаралық қауымдастық 2014 жылғы ақпаннан бері Киевке бағынышты аймақ болудан қалған Украина жерлерін Ресейдің юрисдикциясында деп мойындамайтыны көрсетілген.
Оған қоса Киев Ресейге салынған санкцияларды кезең-кезеңімен алып тастау жайын қарастыруға болады, алайда оларды қайта енгізу мүмкіндігі сақталады дейді. Сонымен қатар, Ресейдің егеменді активтері репарациялар толық төленбейінше бұғаттаулы күйде қалады деп ескерткен.
Украина мен Ресей көшбасшыларының кездесуі бейбітшілік бітімінің негізгі тармақтарын келісудің шешуші шарты ретінде аталған.
Ал Ресей өз ұсыныстарының жобасын әлі жария еткен жоқ. Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрлігі Украина бейтарап әрі [НАТО] блогынан тыс ел мәртебесіне ие болсын және орыс тілін қолдануға қатысты заңдардың күшін жойсын деген шартын айтқан болатын.
Бұдан бөлек, Мәскеу Киевтен Қырым аннексиясын және Украинаның Донецк, Луганск, Херсон мен Запорожье облыстарының басып алынған аймақтарын Ресей бақылайды деп ресми түрде мойындауын талап етіп отыр.
Reuters мәліметінше, Ресей мен Украина делегацияларының келіссөзі 2 маусым күні Мәскеу уақытымен сағат 13:00-де Стамбұлдағы Шыраған сарайында басталмақ. Украина президенті Владимир Зеленский Киев делегациясы кездесуге қатысатынын растады. ТАСС агенттігінің дерегі бойынша, Ресей делегациясы жексенбінің кешінде Түркияға барған.
Ресей шабуылынан кейін Украина генералы Драпатый отставкаға кетуді ұйғарды

Украина қарулы күштері Құрлық әскерінің қолбасшысы, генерал Михаил Драпатый 1 маусым күні өзіне бағынышты әскердің оқу-жаттығу бөлімшесі орналасқан Днепропетровск облысындағы полигондардың біріне Ресей күштері зымыранмен шабуыл жасағаннан кейін отставкаға кету жөнінде шешім қабылдады.
Украина армиясының баспасөз қызметі таратқан алдын ала деректер бойынша, жексенбіде Ресей жасаған шабуыл салдарынан украиналық 12 адам қаза тауып, 60-тан астамы жараланған деп хабарлады Азаттықтың Украин қызметі. Бұл оқиғаға байланысты Құрлық әскері қолбасшылығы арнайы комиссия құрып, қызметтік тергеу бастаған.
Украинаның бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, генерал Драпатый бұл оқиғаға өзін кінәлі сезініп отыр. Ол "өзім берген бұйрықтардың толық орындалуын қамтамасыз ете алмағаным үшін жауаптымын" деп есептейді.
"Мен Украина қарулы күштері Құрлық әскері қолбасшысы лауазымынан отставкаға кетуді ұйғардым. Біздің жауынгерлеріміздің өмірін жалмаған 239-полигондағы қайғылы оқиға үшін жеке жауапкершілігімді сезінгендіктен осындай саналы шешім қабылдадым", – деп жазды Драпатый өз Telegram-арнасында.
1 маусым күні Ресей күштері зымыранмен шабуыл жасаған сәтте жеке құрам сапқа тұрғызылмаған болатын. Украина қарулы күштері егер полигондағы әскери қызметшілердің қаза табуына немесе жаралануына лауазымды тұлғалардың әрекеті не әрекетсіздігі себеп болғаны анықталса, кінәлі адамдар қатаң жауапқа тартылатынын айтты.
Украина қарулы күштерінің дерегіне қарағанда, өткен жексенбі күні Ресей армиясы Украинаның "Шығыс" операциялық қолбасшылығының жауапкершілігіндегі аймаққа зымыранмен шабуыл жасаған. Днепр қаласында штабы орналасқан "Шығыс" қолбасшылықтың әскері Днепропетровск, Донецк, Запорожье, Луганск және Харьков облыстарында әрекет етеді.
Польшада президент сайлауына түскен екі кандидат та жеңіске жеткенін жариялап үлгерді

Польшада президент сайлауының екінші кезеңіне дауыс беру аяқталғаннан кейін биліктегі "Азаматтық коалицияның" кандидаты, Варшава қаласының мэрі Рафал Тшасковский де, оның бәсекелесі – оппозиция өкілі Кароль Навроцкий де өздерін жеңімпаз деп жариялады.
Кейінгі экзитпол қорытындыларына сәйкес, Навроцкий сәл ғана басымдықпен алда келеді – ол 51% дауыс жинаған, ал Тшасковсий 49% дауыс алған. Бұған дейінгі экзитполдар нәтижесі керісінше болған еді – Тшасковский 50 пайыздан сәл ғана асатын дауыс жинаған. Ал консервативтік "Құқық пен әділеттілік" партиясының кандидаты Навроцкий 50 пайыздан сәл төмен дауыс алған.
Алайда бұл әлі сайлаудың ресми әрі түпкілікті қорытындысы емес: әдетте экзитполдардың статистикалық қателік мөлшері шамамен 2% болады, яғни Навроцкийдің басымдығы осы шектен аспайды. Дауыс санау әлі жалғасып жатқандықтан әзірге нақты бір кандидаттың жеңісі туралы кесіп айтуға әлі ерте.
Әйткенмен, бұл бәсекелес екі кандидатқа өз жеңісін жариялауына кедергі болған жоқ.
"Біз жеңдік!", – деп жариялады Варшава мэрі Польша астанасында жақтастары алдында сөйлеген сөзінде. "Әрбір берілген дауыс үшін барлық поляк халқына алғысымды білдіремін", – деді ол.
Рафал Тшасковский 2018 жылдан бері Варшава мэрі қызметін атқарып келеді және еуропалық бағыт ұстанатын либерал саясаткер ретінде танымал. Оны премьер-министр Дональд Туск басқаратын "Азаматтық коалиция" қолдайды.
Кароль Навроцкий консервативтік "Құқық пен әділеттілік" партиясына сүйенеді. Бұған дейін екі мерзім қатарынан Польша президенті болып сайланған Анджей Дуда да осы партияның өкілі.
2024 жылы ақпан айында Ресей Польша аумағындағы Қызыл армия ескерткіштерін бұзуға байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында Навроцкийге халықаралық іздеу жариялаған.
Польшада 18 мамырда өткен президент сайлаудың бірінші кезеңінде Тшасковский 31,4 пайыз дауыс жинап, Навроцкийден екі пайызға жетпейтін сәл басымдықпен озып шыққан еді.
Польшаның Ұлттық сайлау комиссиясының төрағасы Сильвестр Марциняктың айтуынша, сайлаудың екінші кезеңінің қорытындысы шетелден келетін бюллетеньдер жеткізілгеннен кейін белгілі болмақ. Сайлаудың алдын ала ресми қорытындысы бүгін, 2 маусым күні жариялануы тиіс.
Украинаның "Өрмек" операциясы: Ресейдің бірнеше өңіріне дрон шабуылы жасалды

Жексенбі, 1 маусым күні Ресейдің бірнеше өңіріндегі әскери әуе базаларына дрондар шабуыл жасады. Украинаның арнаулы қызметі Ресейдің 40 әскери ұшағын жоюды көздеген "Өрмек" ("Паутина") операциясы жайлы хабарлады.
"Осторожно, новости" telegram-арнасы Мурманск облысындағы Оленегорск қаласының тұрғындары жарылыстар мен өрт болғанын хабарлады деп жазды. Қаланың іргесінде "Оленья" әскери аэродромы бар. Supernova+ telegram-арнасы кемінде он жарылыс естілген дейді.
Baza telegram-арнасының мәліметінше, дрондар автотұрақта тұрған жүк көліктерінен ұшып шыққан. Бір жүк көлігінің жүргізушісі ұсталған.
Әлеуметтік желілерде ақпарат тарап кеткеннен кейін Мурманск облысының губернаторы Андрей Чибис аймаққа дрондар шабуыл жасағанын растады. Алайда ол шабуылдардың нақты қай жерде және қандай нысандарға жасалғаны жайлы ақпарат бермеді. Шенеунік халықты дрондарға қатысты фото және видеоларды әлеуметтік желіге жүктемеуге және ешкімге жібермеуге үндеді.
Сонымен қатар, Ресей Украинаға басқыншылық соғысын бастаған 2022 жылдан бері алғаш рет Сібірге дрон шабуылы жасалды. Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзевтің айтуынша, Средний кентіндегі әскери бөлім шабуылға ұшыраған.
"Новомальтинск елді мекеніндегі ескі ғимаратқа бір дрон түсті. Дрондардың нақты саны әлі анықталған жоқ", – деді ол.
Бұған қоса, Кобзев дрондар ұшып шыққан жүк көлігі "бұғатталғанын" хабарлады.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Иркутск облысы Усольск ауданында әуеге түтін көтеріліп жатқаны көрінетін фотосуреттер мен видеолар жарияланған. Ол жерде ресейлік Ту-22М3 бомбалаушы ұшақтары жайғасқан "Белая" әскери аэродромы бар.
Рязань облысының губернаторы Павел Малков та өзі басқаратын өңірге дрондар шабуылдағанын хабарлады. Оның айтуынша, ешкім зардап шекпеген.
"Атып түсірілген дронның сынығы бір тұрғын үйдің шатырын зақымдады, қандай материалдық шығын келгені есептеліп жатыр", – деп жазды ол.
Рязань қаласының іргесінде "Дягилево" әскери аэродромы орналасқан.
Украиналық "Бабель" басылымы өз дереккөздеріне сүйеніп, Украина арнаулы қызметтері 40-тан астам ресейлік әскери ұшақты (арасында А-50, Ту-95 және Ту-22М3 бар) жоюды көздеген "Өрмек" операциясын іске асырды деп хабарлады.
Журналистер бірнеше видео да жариялады. Солардың бірінде Иркутск облысындағы "Белая" әскери аэродромына дрон шабуылы жасалған сәт деп көрсетілген бейнежазба бар.
Кейінірек "Бабель" басылымының Украина қауіпсіздік қызметіндегі дереккөздері украин дрондары Ресейдегі төрт әскери нысанды – "Белая", "Дягилево", "Оленья" және "Иваново" аэродромдарына шабуыл жасағанын растаған.
Дереккөздердің айтуынша, Украина арнаулы қызметтері Ресей әскери аэродромдарына шабуыл жасау операциясына бір жарым жыл бойы дайындалған. Оны Украина президенті Владимир Зеленскийдің өзі тікелей қадағалаған, ал операцияны Украина қауіпсіздік қызметінің басшысы Василий Малюк пен оның қоластындағы қызметкерлер жүзеге асырған.
Алдымен Ресейге дрондарды, одан соң арнаулы контейнерлерді жеткізген. Кейінірек сол контейнерлерге дрондарды жасырып орналастырған. Ал контейнерлер қақпағын ашуды және ішіне жасырылған дрондарды ұшыруды қашықтан басқарған.
Украина арнаулы қызметі "жиынтығы 41 ресейлік ұшаққа шабуыл жасалды, бұл операцияға қатысқан адамдар қазір Украинада" деп хабарлады.
Axios басылымы аты-жөні аталмаған украин шенеунігінің сөзіне сүйеніп, Украина бұл операция жөнінде АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігін алдын ала хабардар еткен деп жазды. Ал CBS News дереккөздері болса, Ақ үй бұл шабуылдан хабарсыз болған деп айтқан.
Қаңтар оқиғасы бойынша сотталған белсенді Қосай Маханбаев министрлікті сотқа берді

"Президент резиденциясы мен әкімдік ғимаратына шабуыл жасады" деп айыпталып, 1 жыл 8 айға сотталған Қосай Маханбаев қаржы министрлігі үстінен шағым түсірді. Адвокаты Айнара Айдарханның сөзінше, Қосай Маханбаев сот үкімінде көрсетілген мерзімнен 2 ай 9 күн артық қамауда отырған.
Бірінші сот инстанциясы Маханбаевты 1 жыл 9 айға соттаса, апелляциялық инстанция бұл мерзімді 1 жыл 8 ай қылып азайтты. Адвокаттың сөзінше, апелляциялық соттың үкімі күшіне енсе де, Маханбаев дер кезінде босатылмаған.
"Біздің қолымызда қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен келген ресми жауап бар. Апелляциялық инстанцияның қаулысы оқылғаннан кейін ол бірден күшіне енеді. Оны сол күні босатуы керек болатын. Алайда сот үкімі оқылғанға қарамастан оны сол күні босатпаған. Ол басшылыққа, прокуратураға шағымданғанмен кеш босатқан" деді адвокат Азаттыққа.
Адвокат белсендінің шағымын қабылдату үшін де бірнеше ай күрескенін атап өтті. Оның сөзінше, сот жүктемесіне байланысты тараптардың келісімімен істі қарау Қарағандының аудандық сотына берілсе де, әуел баста ол қараудан бас тартқан. Тек апелляциядан кейін ғана істі қарауға кіріскен.
29 мамырда сот тыңдауы өткен. Адвокат процесті ашық өткізу туралы өтініш берген. Айнара Айдарханова енді сот процесіне журналистер мен бақылаушылар да қатыса алатынын жеткізді.
"Бірінші сот инстанциясы шағымымызды қанағаттандырады деп үміттенеміз. Бірақ біз бұл бюджет ақшасы екенін жақсы түсінеміз және бізге бәлкім, келесі инстанцияларға баруға тура келетін шығар. Қалай болғанда да нақты жағдайда тараптардың бірі келіспейді және апелляциялық сот та болады. Жоғарғы сотқа да баруымыз мүмкін шығар. Біз моральдық өтемақы ретінде 50 млн теңге өндіріп беруді талап етіп отырмыз. Қазір Қосайдың өзі ауруханада. Денсаулығы сыр берген. Сот Қарағанды облысында орналасқандықтан онлайн қатысып жатырмыз" деді адвокат Айнара Айдархан Азаттыққа.
Оның айтуынша, қаржы министрлігінің өкілдері шағымға қатысы жоғын, кінәлі мекемелер жауап беруі керек деп айтқан.
Азаттық әзірге бұл іс бойынша қаржы министрлігінен жауап ала алмады.
Қосай Маханбаев – Қаңтар оқиғасында ұсталып, Алматыдағы тергеу изоляторында азапталғандардың бірі. Оны Алматыдағы дүрбелең кезінде оқ тиіп, ауруханада жатқан жерінен полиция алып кеткен. 2022 жылы қазанда Алматы прокуратурасы Маханбаевтың азаптау ісі бойынша полиция қызметкерлері үстінен түсірген шағымын жапқаны белгілі болды.
2023 жылы Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған белсенді Қосай Маханбаев мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркеліп, куәлік алған еді. Алайда бірнеше күннен кейін прокуратурадан арыз түсіп, Алматының сайлау комиссиясы әуелгі шешімнің күшін жойған. Аумақтық сайлау комиссиясы мұны "тергеуге қысым жасаудан сақтану" деп түсіндірген.
Былтыр маусымда Маханбаевтан өзге "президент резиденциясы мен әкімдікке шабуыл жасады" деген айыппен тағы 10 адам сотталды. Қазан айында апелляция соты үкімге өзгеріс енгізген.
Украинаның барлау басқармасы: оккупацияланған Мелитопольда тауар пойызы жарылды

Украина қорғаныс министрлігіне қарасты бас барлау басқармасы 31 мамырға қараған түні Запорожье облысының уақытша оккупацияланған Якимовка елді мекеніне жақын темір жол аумағында ресейлік әскери пойыз жарылғанын хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, отын цистерналары мен жүк тиелген тауар пойызы Ресей аннексиялап алған Қырымға қарай жылжыған. Жарылыстың салдарынан рельстер жолдан шығып кеткен.
"Запорожьеның басып алынған аумағы мен Қырымда басқыншылардың негізгі логистикалық артериясы бұзылды" деп жазылған басқарма хабарламасында.
Жарылыстан кейін темір жолда "Ұстау" жоспары жарияланған. Елді мекендерді Росгвардия сақшылары сүзіп жүр, бекеттерде тексерістер мұқият жүргізіліп жатыр.
Алматыда қала әкімін сайлау құқығын талап етіп, митинг өткізбек болған белсенділердің өтініші қабылданбады

Алматыда қала әкімін сайлау құқығын талап етіп, митинг өткізбек болған белсенділердің өтініші қабылданбады. Бұл жөнінде белсенді Марат Тұрымбетов хабарлады.
"Күткеніміздей, әкімдік сайлау құқығы үшін митинг өткізуге рұқсат бермеді. Қала халқы президенттің шешіміне риза болуы керек. Алматылықтар, біз әкімді сайлау деңгейіне әлі жетпеппіз" деп жазды белсенді желідегі парақшасында.
Алматы қалалық қоғамдық даму басқармасының 30 мамыр күні берген жауабында 8 маусымда белсенділер сұраған орындарда (Амангелді Иманов бағы, “Сарыарқа” кинотеатрының арты, Ганди саябағы) “жөндеу жұмыстары мен мәдени шаралар өтетіні” жазылған. Хатқа басқарма жетекшісінің орынбасары Б. Сариев қол қойған.
Әзірге басқарма өкілдері түсініктеме бермеді.
Бұған дейін белсенділер Алматыға Дархан Сатыбалды әкім болып сайланғаннан кейін әкімді тағайындау емес, сайлау құқығы мәселесін қозғап, өтініш берген еді. Белсенділер ұзақ уақыттан бері әкімді сайлау құқығын талап етіп келеді.
24 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін Алматы әкімі қызметіне кіріскен Ерболат Досаевты қызметінен босатып, оның орнына президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары болған Дархан Сатыбалдыны тағайындаған. Осыдан кейін әкімді тағайындау емес, сайлау қажеттігі мәселесі қайта көтерілген. Белсенділердің пікірінше, Алматыда әкімді сайламай қаланы тиімді басқару қиын. Себебі бұл қала басшылығына қаланың жағдайын жақсы білетін, ондағы мәселелермен жақсы таныс адамның келу мүмкіндігін зорайта түседі. Ал билік халық емес, "өзіне ыңғайлы" адамды тағайындайды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі саяси реформасының бір бағыты ретінде ауыл және аудан әкімдерін сайлауды атап жүр. Осы күнге дейін ондаған аудан әкімі, бірқатар облыстық маңызы бар қала әкімі сайланды. Бірақ республикалық маңызы бар қалалардың, облыстардың басшылары әлі де тағайындалып келеді.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов бұған дейін Азаттыққа нағыз саяси реформа Алматы секілді ірі қалалар мен облыс басшыларын сайлаудан басталатынын айтқан еді.
"Билік мұндай қадамға не үшін бармай отыр дегенге келсек, бұл президентті көлеңкеде қалдыратын әкімдердің пайда болуына жол ашуы мүмкін. Сондықтан Ақорда мұндай шешімге асықпайды" деді ол.
АҚШ пен Еуроодақ Азияда Қытай мен Ресей ықпалының күшеюіне алаңдады

АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Пекин Үнді-Тынық мұхит аумағында статус-квоны өзгерту үшін әскери күш қолдануға белсенді түрде дайындалып жатыр деп мәлімдеді. Ол Пекиннің Тайваньға басып кіру қатері сейілмегенін де айтты.
Сингапурдағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған "Диалог Шангри-Ла" форумында сөйлеген Хегсет Қытай қатері "шын және одан қашып құтылу да қиын" деді.
"Пекин аймақтағы күштер балансын өзгерту үшін күш қолдануға дайындалып жатқаны барлығына түсінікті болуы керек" деді Пентагон жетекшісі. Ол АҚШ-тың Азиядағы одақтастарын қорғаныс шығынын арттыруға үндеді.
Хегсеттің айтуынша, Үнді-Тынық мұхиты аймағы Трамп әкімшілігі басымдық беріп отырған аймақтардың бірі.
Ал Еуропаның сыртқы саясат жөніндегі ведомство жетекшісі Кая Каллас Сингапурдағы форумда Украинадағы соғыс жалғасып жатқан шақта Ресей мен Қытай қарым-қатынасы нығаюына алаңдаушылық білдірді.
"Бұл қазіргі кезеңнің ең күрделі мәселесі" деді Каллас.
Ол Мәскеу мен Пекиннің "100 жылда байқалмаған өзгерістер көшін бастау" туралы мәлімдемелерін де атап өтті.
Каллас сонымен бірге Қытайды Ресейді қолдап отыр деп айыптады. Бұған дейін батыс елдерінің жетекшілері Пекин Мәскеуге қос мақсаттағы тауарларды жеткізіп отыр деп мәлімдеген. Мұндай тауарлар Ресейдің Украинаға қарсы соғысында пайдаланылуы мүмкін. Пекин бұл айыптауларды жоққа шығарып, тараптардың ешқайсысына көмектеспегенін айтқан. Ресей сыртқы істер министрлігі мұны жалған ақпарат деп атаған.
Ресейдің екі өңірінде пойыздарға көпір құлады

31 мамыр кешке Ресейдің Брянск облысы Выгоничи поселкасы маңында жолаушылар пойызына көпір құлады. Ресейдің күштік құрылымдарына жақын Baza, Mash, 112, Shot телеграм-арналары оқиға орнынан видео жариялады.
Брянск облысының губернаторы Александр Богомаз көпірдің құлағанын растады.
"Өкінішке қарай, зардап шеккендер бар. Оқиға орнында барлық жедел қызмет, билік органдарының өкілдері істеп жатыр. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қолдан келгеннің бәрі жасалып жатыр" деді Богомаз.
Әзірге толық емес мәлімет бойынша, жеті адам қаза болған, 30 адам жарақаттанған.
Пойыз Климов — Мәскеу бағыты бойынша бара жатқан. Телеграм-арналардың жазуынша, көпірдің тіреуіші бұзылып, пойызға құлаған болуы мүмкін.
Мәскеу темір жолының хабарлауынша, "көлік қызметіне заңсыз араласудың нәтижесінде" пойыз рельстері жолдан шыққан.
Курск облысында Тросна-Калиновка тас жолының 48-шақырымында жүк локомотивіне көпір құлады. Тауар пойызының бір бөлігі көпір астындағы көлік жолына да түсіп, тепловоз өртенген. Көпірдің құлау себебі анықталып жатыр деп мәлімдеді Курск облысының губернаторы міндетін атқарушы Александр Хинштейн. Айтуынша, жүргізушілердің бірінің аяғы жарақаттанған, барлық бригада ауруханаға жеткізілген.
НАТО шығысқа қарай кеңеймеу туралы Мәскеудің талабын талқыламайды

НАТО шығысқа қарай кеңеймеу туралы Мәскеудің талабын талқыламайды. Бұл жөнінде аты-жөнін айтпаған жағдайдан хабардар НАТО-ның бірнеше қызметкері Азаттыққа айтты.
Азаттық дереккөзінің айтуынша, шығысқа қарай кеңеюден бас тарту туралы Ресейдің талабы НАТО-ның кейінгі жиындары мен ресми кездесулерінің ешқайсысында талқыланбаған. Оның сөзінше, НАТО-да кез келген шешім ортақ консенсуспен қабылданады.
Таңдау мен одаққа қосылу еркіндігі бірқатар халықаралық келісімдерде бекітілгендіктен "кеңеймеу туралы жазбаша міндеттеме" ресейліктер қол жеткізе салатын оңай нәрсе емес деді Азаттықтың тағы бір дереккөзі.
28 мамырда Reuters агенттігі Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысты тоқтату шарттарының бірі ретінде батыс басшыларынан НАТО-ны шығысқа қарай кеңейтпейтіні жөнінде жазбаша міндеттеме талап еткені жөнінде жазған.
Жуырда АҚШ-тың Украина мәселелері жөніндегі уәкілі Кит Келлог "Ресей жағының бұл мәселеге алаңдауына негіз барын" мойындап, оны Мәскеумен талқылауға дайын екенін айтқан.
2019 жылы Жоғарғы рада Украинаның ЕО мен НАТО-ға толық мүше болу жоспарын бекіткен. Тиісті өзгерістер Украина Конституциясына енгізілген, әскери жағдай кезінде оны өзгертуге тыйым салынған.
Ресей атысты доғару шарттарын атады

Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі Василий Небензя БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысында атысты тоқтату режимі кезінде Батыс елдері - Украинаны қару-жарақпен қамтамасыз етуді, ал Украина мобилизацияны доғаруы керек деп мәлімдеді.
Небензяның сөзінше, Киевпен тараптардың талаптары жазылған меморандуммен бөлісу үшін Мәскеу дүйсенбі күні Стамбұлда келіссөздің екінші кезеңін өткізуге дайын. Дегенмен ол сөз арасында "қанша қажет болса, сонша соғысамыз" деді.
АҚШ-тың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі өкілі "Ресей бейбітшілікке мүдделі емес және оның орнына әскери жеңіске қол жеткізуге ұмтылып жатыр" деген кеңестің өзге мүшелерінің алаңдаушылығымен келісетінін жеткізді.
Бұған дейін Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак Киев делегациясы Стамбұлдағы келіссөздің екінші кезеңіне дайын деп мәімдеген еді. Бірақ Киев Мәскеуден соғысты бейбіт түрде реттеу шарттары жазылған меморандумды әлі күтіп отыр деген. Ермактың сөзінше, Киев конструктивті диалогқа мүдделі және оны құжатсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Украина осыған дейін өзінің меморандумын Ресей жағына бергенін айтқан.
Ресейдің ресми тұлғалары "меморандум дайын" екенін және жуырда Украина жағына берілетінін айтқан.
Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың айтуынша, ресейлік делегация Стамбұлға тек меморандум жобасын ғана емес, сонымен бірге атысты тоқтату бойынша өзге де ұсыныстарды апармақ. Бірақ жай-жапсарын айтпады.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жұма күні журналистерге Стамбұлдағы келіссөзге дейін екі жақтың да атысты тоқтату шарттары құпия сақталатынын жеткізді.
- Ресей мен Украина делегацияларының алғашқы келіссөзі биыл 16 мамырда Стамбұлда өткен. Соның нәтижесінде екі жақ "1000-ға 1000" форматы аясында тұтқын алмасты. Тұтқын алмасу 23-25 мамырда өтті. Бұған қоса, екі жақ атысты тоқтату шарттарын әзірледі.
- Кейін Украина бейбітшілік шарттары жазылған меморандумды АҚШ пен Ресейге тапсырғанын хабарлаған.
Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтіліп жатыр

31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Елдің түрлі өңірінде ресми шаралар өтіп жатыр. Кейбір аймақта белсенділердің де акциялары жоспарланған.
Ақорданың хабарлауынша, сенбі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысындағы АЛЖИР саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешеніне барып, гүл шоғын қойды.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасы кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев “тарихты саясаттың қолшоқпары етпеуге” үндеп, "өткенге жалтақтамауға" шақырды.
“Қандай ауыр болса да, өткен күндердің қасіреті еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне кедергі болмауға тиіс. Бүгінгі ахуалға өткеннің өлшемімен қарап, үнемі кешегі күнмен өмір сүруге болмайды. Тарихқа барынша кең ауқымда қараған жөн. Біз тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет. Өткенге жалтақтау – әлсіздіктің белгісі” деді ол.
Ол өз сөзінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысына тоқталып, “саяси қуғынға ұшыраған 300 мыңнан астам азамат ақталғанын”, “2,5 млн-нан астам материалдың құпия белгісі алынып тасталғанын” айтты. Комиссия зерттеген құжаттар негізінде 72 томдық жинақ дайындалған.
Осы комиссияның жетекшісі, тарихшы Мәмбет Қойгелді былтыр Азаттыққа берген сұхбатында жаңа мәліметтерді оқу процесіне кіргізу өте қиын екенін айтқан еді. Оның сөзінше, Ресей архивтерінде әлі де қол жетпеген материалдар бар. Әсіресе, отарлауға қатысты құжаттар мүлде алынбаған. "Архив түгенделсе, қазақтардың отарлаудан шеккен зардабы үшін Ресей кешірім сұрауы мүмкін бе?" деген сұраққа тарихшы "бұл мүмкін емес, ол үшін билікке демократтар келуі керек" деп айтқан.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі республикалық комиссия Қазақстан президентінің жарлығымен 2020 жылғы қарашада құрылған. Оның құрамында 425 ғалым мен зерттеуші бар, оның ішінде 260 маман әр өңірде құрылған аймақтық комиссияда еңбек еткен.
Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні 1997 жылдан бастап атап өтіледі. "Үлкен террор" жылдары ұжымдастыру, аштық кезінде екі миллионға жуық қазақ қаза тапты. Тарихшылардың есебінше, 1921-1954 жылдары 100 мыңдай адам "халық жауы" деп танылып, сотталған. Олардың ішінде 25 мың адам атылған. Саяси құрбандар кейін ақталды.
Кейінгі кезде Ресей репрессия жайлы тарихи фактілер жайлы айтуды шектеп, Сталинге ескерткіштер орната бастаған. Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысынан кейін Сталинді ақтау саясаты күшейген.
Кей сарапшылар Ресейге жалтақтаған Қазақстанда саяси қуғын-сүргін тақырыбы елде барған сайын жабық тақырыпқа айналып барады деп санайды. Елде 31 мамыр күні митинг өткізбек болған белсенділердің өтініштері мақұлданбады. Осы күн қарсаңында кей өңірлерде белсенділер ұсталған. Адам құқығын қорғау бюросының мәліметінше, оннан астам белсенді қамалған.
Сенбі күні Алматыда Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш маңында полиция қарасы көбейген. Бұл жөнінде "Тіл кеспек жоқ" телеграм-арнасы хабарлады. Арнаның айтуынша, қаланың жаңа әкімі Дархан Сатыбалды қатысқан ресми шара ерте өтіп кеткен. Арнаның жазуынша, бұл маңға ара-тұра адамдар жиналып, құрбандарды еске алып, кейбірі саяси қудалау бүгін де жалғасып жатқанын айтып сынаған.
Ресми Астана елде саяси қудалау барын мойындамай келеді.
ПІКІРЛЕР